Yryskhan Musauly
Мұсаұлы Ырысхан
(1933 – 2012)
Қаламгер Ырысхан Мұсаұлы Абай ауданының Құндызды ауылында 1933 жылы дүниеге келген. Он жылдық білім алғаннан кейін 1953-58 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистік факультетінде білім алған. Сол студенттік қызықты шақтық өзінде «Аға сұлтан» деген роман жазуға кірісіпті.
Ырысхан Мұсаұлы еңбек жолын 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастайды. Онда бірнеше әңгіме, очерктер жазды. 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетіне ауысып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Сонда қызмет ете жүріп Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Сол кезде жүріп те жазады. Оны бітірген соң Маңғыстау облысына қызметке жіберіледі. «Коммунистік жол» деген газеттің іргетасын қалайды. Баспасөзде істеген жылдары жер-жерді аралап, мақала, очерктерді көп жазды. 1977 жылы Семейге қайтып, «Семей таңы» газетіне бас редактор қызметіне кіріседі. Бас редакторлық қызметте жүріп Семей сынды рухани орталықтың рухын көтеріп, халықтың санасын, болмыс-келбетін көтеруде айтарлықтай еңбек сіңірді.
Көп жылдардан кейін 1992 жылы республикалық «Абай» журналына бас редактор болып тағайындалады.
1994 жылғы сандарында «Аға сұлтан» романының бір бөлімі жарық көрді. Мұнда XIX ғасырдың орта шеніндегі Қарқаралы дуанында болған қат-қабат оқиғалар суреттеледі. Мұнда оқырмандар Құнанбай, Алшынбай, Тәттімбет, Мұсалармен кездеседі. Ырысхан Мұсаұлы «Құрмет орденінің», «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағының иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Қасиетті Шыңғыстау топырағынан өніп шыққан жазушы Ырысхан Мұсаұлының шығармашылығындағы негізгі тақырып – XX ғасырдағы қазақ халқының тағдыры.
2000 жылы жазушының жарық көрген қос томдық прозалық кітаптары этнографиясы мен тілінің байлығы жағынан оқырмандарға үлкен рухани күш берері сөзсіз.
Бірінші кітаптағы «Аға сұлтан» романы тарихи деректерге негізделген. Мұнда Құнанбай қажының күрделі бейнесі берілген. Жазушының соңғы үш томына «Саға» трилогиясы енген. Бұл еңбектерінде Кеңес дәуірінің XX ғасырдағы келбетін көрсетеді.
«Саға» трилогиясының үш бөлімі – «Бейуақ», «Құлқынсәрі», «Қызыл іңір» журнал бетінде, сонан соң жазушының үш томында жарық көрді.
«Саға» романы автордың өзі туып өскен өңірдің дауылды жылдарын, колхоздастыру кезеңіндегі заман ағымын суреттейді.
Колхоздастыру кезеңі (ақ пен қызылдың салған қырғыны) мен ашаршылықты (1931-32 жылғы) суреттеген «Құлқынсәрі» – алдыңғы «Бейуақтың» жалғасы іспетті. Ал «Қызыл іңір» – 1937 жылғы әлемді тітіренткен саяси қуғын-сүргін туралы.
Жарты ғасырдай мерзімде баспасөзде істеген алаш азаматының осындай шығармашылық биікке жетуі үлкен бақыт.
2023 жылы Абай облысының әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Ырысхан Мұсаұлының «Аға сұлтан» романы жарық көрді.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ырысхан Мұсаұлы «Құрмет орденінің» иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1979), Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен (1983) марапатталған. Семей қаласының Құрметті азаматы.
Жазушы Ырысхан Мұсаұлы 2012 жылы қайтыс болды.