Zhuniskhanov Aidyn Sengaliuly
Жүнісханов Айдын Сенғалиұлы (29.01.1985) Абай облысы, Жаңасемей ауданы Көкентау ауылында дүниеге келген. Семей қаласындағы Alikhan Bokeikhan University-ін 2007 жылы «Тарих және география» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. 2007-2009 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Археология және этнология» мамандығы бойынша магистратура, 2020-2023 жылдары осы мамандық бойынша аталмыш университетте «Археология» бағыты бойынша докторантурада білім алды.
Жүнісханов Айдын Қазақстан аумағындағы ежелгі және дәстүрлі көшпелі қоғамдардың археологиясын, олардың әлеуметтік-мәдени дамуын, табиғи-экологиялық ортаға бейімделу үдерістерін зерттеумен айналысады. Ғылыми еңбектерінде материалдық мәдениет деректерін кешенді талдау, пәнаралық әдістерді қолдану және кеңістіктік-экологиялық модельдер құру мәселелеріне ерекше назар аударады.
Айдын Жунисханов 50-ден аста ғылыми және ғылыми-көпшілік жарияланымның авторы. Оның еңбектері отандық және халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарық көріп, Қазақстан археологиясының заманауи ғылыми дискурсына елеулі үлес қосып келеді. Зерттеулері көшпелі қоғамдардың қалыптасу динамикасын, шаруашылық стратегияларын және адам мен табиғат арасындағы өзара байланыстарды жаңаша пайымдауға бағытталған.
Айдын Жунисханов ғылыми-ағартушылық және еріктілік бастамаларға да белсенді қатысады. Ол «Қазақстан археологиясының ашық кітапханасы» жобасының авторы әрі үйлестірушісі, жас зерттеушілерге арналған халықаралық жазғы археологиялық мектептің ұйымдастырушысы.