Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Rakhmetullin Yerkin Erlanuly

Рахметуллин Еркін Ерланұлы

Рахметуллин Еркін Ерланұлы (21.03.1987) Семей облысы, Абай ауданына қарасты Саржал ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Ш.О. Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 2004 жылы бітіріп шықты. 2004-2008 жылдары М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің (қазіргі ҚазИГЗУ) «Тарих» мамандығын бакалавр дәрежесімен тәмамдады. 2009-2011 жылдары Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тарих» факультетінің магистратурасын бітіріп, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін алды. 2011 жылдың 14-23 мамыр аралығында Ресей Ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы институтында (Ресей, Санкт-Петербург) магистратура бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтті. 2010-2011 жылдары Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтында ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеді. 2011 жылдың қыркүйегі мен 2012 жылдың ақпаны аралығында Алматы қаласында орналасқан Қазақстан-Ресей медицина университетінің қоғамдық ғылымдар кафедрасында Қазақстан тарихы пәнінен аға оқытушы болып қызмет атқарды. 2012 жылдың ақпаны мен 2013 жылдың тамызы аралағында Астана қаласындағы ҚР БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Мемлекет тарихы институтында ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. 2013-2016 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тарих» факультетінде «Тарих» мамандығы бойынша докторантурада оқыды. 2016 жылдың 16 ақпан – 26 сәуір аралығында Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институты (Ресей, Мәскеу) мен Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде (Ресей, Омбы) докторантура бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. Докторлық диссертация жұмысы бойынша Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында, Ресей мемлекеттік әскери мұрағатында және Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси зерттеулер мұрағатында зерттеу жұмысын жүргізді. 2014-2015 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Тарих» факультетінде аға оқытушы болып жұмыс жасады. 2016 жылдың қазан айынан 2017 жылдың маусымына дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2017-2021 жылдары Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында аға оқытушы болып еңбек етті. 2021-2023 жылдары Әлихан Бөкейхан университетінің «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығында директор қызметін атқарды. 2023-2024 жылдары Шәкәрім университетінің «Тарих» кафедрасында оқытушы болып еңбек етсе, 2024 жылдан қазіргі уақытқа дейін университеттің құрылымдық бөлімшесі «Тарих және археология» ғылыми орталығының жетекшісі болып қызмет етуде.

2021-2023 жылдары Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Абай облысы бойынша жұмыс тобында зерттеу жұмыстарымен айналысты. Еркін Ерланұлы 40-қа жуық ғылыми мақалалар мен бірнеше ғылыми-танымдық кітаптардың авторы. Сонымен қатар, көптеген ғылыми жинақтарды, соның ішінде Әлихан Бөкейханның таңдамалы 15 томдық шығармаларын құрастыруға атсалысқан.

Ғылыми-зерттеу бағыты: ХХ ғасыр басындағы саяси үдерістер, Азамат соғысы тарихы, Алаш қозғалысы мәселесі.