Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Mukhamediev Mukhametkazy Mukhamediuly

Мұхамедиев Мұхаметқазы Мұхамедиұлы

Мұхамедиев Мұхаметқазы Мұхамедиұлы (05.11.1937) – ғалым, этнограф, тарихшы, өлкетанушы, педагог.

Мұхаметқазы Мұхамадиұлы 1937 жылы 5 қарашада ҚХР Тарбағатай аймағы Шәуешек ауданына қарасты Сібеті ауылында дүниеге келді.

1957 жылы Үрімжідегі Шыңжаң университетінің тарих-география факультетін үздік бітіріп, 1961 жылға дейін осы оқу орнында ұстаздық қызмет атқарды. 1961 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Семей облысы Жарма ауданы Ортабұлақ орта мектебінде мұғалім болды. Сонымен қатар мәдени-көпшілік жұмыстарға белсене араласып, насихатшы, газет тілшісі ретінде де еңбек етті.

1963 жылы Семей облысында алғаш рет мектеп қабырғасында «Атамекен» атты өлкетану үйірмесін ұйымдастырып, оқушыларды туған жер тарихын қастерлеуге тәрбиеледі. 1968 жылы ауданда тұңғыш рет мектеп жанынан өлкетану музейін ашты. Бұл іс-тәжірибе үлгі ретінде облыстық білім бөлімі арқылы республика мектептеріне таратылып, 1988 жылы Түркістан қаласында өткен республикалық өлкетану байқауында жүлделі орынға ие болды.

Кеңестік кезеңде жабық тақырып саналған ұлттық тарих мәселелерін зерттеп, Ер Жәнібек Бердәулетұлының Қалба тауындағы зиратын анықтап, оны Қазақстан Ғылым академиясының тарихи ескерткіштер қорына енгізуге (25.05.2007) атсалысты. Сондай-ақ Жарма өңірінен Орхон–Енисей жазулары мен таңбалы тастарды тауып, ғылыми айналымға қосты. 1984 жылы «Білім және еңбек» журналында бұл жаңалықтар Қазақстан ғылымына қосылған тың дерек ретінде бағаланды.

Қазақтың тұңғыш халық дәрігері Дүйсенбі Қалматаев ашқан Арасан көлінің емдік қасиетін насихаттап, оның жағалауында санаторий ашылуына ұйытқы болды. 1987–1988 жылдары Жарма ауданының 60 жылдығына орай аудандық музейдің ашылуына жетекшілік етіп, ел ішінен құнды этнографиялық жәдігерлер жинады.

1987 жылы тіл мен дәстүрді жаңғырту мақсатында әдеби-этникалық «Мұрагер» клубын құрып, төрағасы әрі жүргізушісі болды. Клуб жұмысына Ә.Нұршайықов, М.Мағауин, О.Сүлейменов, Р.Рымбаева сынды белгілі тұлғалар қатысып, бұл бастама тәуелсіздік қарсаңындағы ұлттық руханияттың жаршысы ретінде жоғары бағаланды.

1997 жылдан Семей қаласында еңбек етіп, №37 қазақ гимназиясында мектеп музейін ұйымдастырды. 2001–2003 жылдары Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық колледжде тарих-этнография пәнінен дәріс берді. 2009 жылдан бастап Семейдегі жоғары оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарды.

Мұхаметқазы Мұхамадиұлы Қытай Ғылым академиясының Үрімжідегі бөлімшелерімен ғылыми байланыс орнатып, 2008 жылы «Шәкәрім ғибраты» атты еңбегін жариялады. Қытайдағы қазақ диаспорасы, Шәкәрімнің ұлы Зияттың тағдыры, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес тарихы тақырыптарында көлемді зерттеулер жазды. «Таңбалы тастар сыры» еңбегі «Тарих құндылықтары» жинағына еніп, жүлдеге ие болды.

Ғалым-ұстаз ұлттық тарих, Алаш қозғалысы, салт-дәстүр, батырлар мен тарихи тұлғалар, жер-су атаулары бойынша 400-ден астам ғылыми мақала жариялаған. Ұстаздық еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болды.

Ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Еңбек ардагері» медалінің, Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының, «Ер Жәнібек» медалінің иегері. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы батыры Қапай Ысқақов туралы кітап жазып, Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығына арналған «Бір туар» жинағын құрастырды. Алаш басылымдары мен архивтік пьесаларды араб жазуынан аударып, ғылыми айналымға қосты.