Руханият әлемі | Ruhaniatalemi.kz

Karimov Mukhtarbek Karpykuly

Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы

Кәрімов Мұхтарбек Қарпықұлы (15.01.1951) – тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, этнолог, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушысы. Мұхтарбек Қарпықұлы 1951 жылы 15 қаңтарда бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданындағы Ойшілік ауылында дүниеге келген. 1975 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмәмдағаннан кейін, еңбек жолын Қазақ ССР-і Мемлекеттік Орталық архивінде ғылыми қызметкер болудан бастаған. 1986-1989 ж.ж.КазГУ аспирантурасында оқып, оны тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алумен ойдағыдай аяқтаған. 1977-1996 ж.ж. Семей зоовеинститутында оқытушы, аға оқытушы, доцент, қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, 1996-2000 ж.ж. Семейде ашылған Мемлекеттік қаржы институтында әлеуметтік-гумуанитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, 2001-2002 ж. ж. Семей мемлекттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі және 2001-2019 ж.ж. арасында осы университеттің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып, Ресей Федерациясының, Қытай Халық Республикасының, Моңғол Ұлысының және отандық ғылыми зерттеу орталықтарымен тығыз ғылыми байланыстар орнатуды жолға қойды. М.Қ.Каримов тарих ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің профессоры.

«Қазақтың даңқты қолбасшысы Қаракерей Қабанбай», «Әбілпейіз», «Шәкәрім қажының халқына оралуы», «Тарғыбатай», «Абай облысының тарихи топонимдері» зерттеулерінің, «Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің бүгіні мен ертеңі» ұжымдық монографиясының, «Орыс, қазақ және Батыс Еуропа эконоикалық ойының тарихы (XIX ғ. соңы –XX ғ. басы» сияқты оқу-әдістемелік құралдарының авторларының бірі. Мақалалары Ресей, Қытай, Германия, Моңғолия, Болгария ғылыми басылымдарында жарық көрді. XVIII ғ. даңқты қолбасшысы Қаракерей Қабанбай батырдың жерленген жерін анықтауда үлкен еңбек сіңірген, соның нәтижесінде, Астана іргесіндегі Қабанбай кесенесі бой көтерді.

«Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгіл-ерінің, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалінің, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Халқы Ассамблеясының Құрмет», «РФ Қарашай-Шеркес Республикасы Президентінің Құрмет», «ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет» грамоталарымен марапатталған. «Тарғыбатай ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері. «Құрмет» орденінің кавалері.