Balakaev Toltai Balakaiuly
Балақаев Төлтай Балақайұлы (13.04.1923-20.11.2017) – тарихшы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты.
Балақаев Төлтай 1923 жылы 13 сәуірде Семей облысының Абыралы ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград түбінде ауыр жарақат алған ол 1944 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетіне түсіп, 1949 жылы оны ойдағыдай бітіреді. 1949-1956 жылдары Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихы институтында кіші, аға ғылыми қызметкер, 1956–67 жылдарда Қазақстан ғылым академиясының Тарих, археология және этнология Институтында ғалым-хатшы, аға, ғылыми қызметкер, 1968-85 жылдарда бөлім меңгерушісі 1985-88 жылдарда институт директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, 1988 -1991 жылдары бас ғылыми қызметкері болды.
Балақаевтың негізгі еңбектері Кеңес дәуірі кезіндегі Қазақстан тарихына, әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарындағы респ. халқының тылдағы және майдандағы жасаған ерліктері туралы мәселелерді зерттеуге арналған. 1971 ж. жарық көрген қазақстандықтардың ұлы жеңіске қосқан үлесі туралы «Колхозное крестьянство Казахстана в годы Великой Отечественной войны 1941-1945 гг.» атты іргелі еңбегі Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 1972 ж. осы тақырыпта тарих ғыл. докт. дисс. қорғайды, ал 1979 ж. проф. ғыл. атағын алды. Балақаев 1970 ж. Москвада өткен тарихшылардың Бүкіләлемдік 1-ші конгресіне қатысты. Т.Балақаев көп томдық «Қазақстан тарихы», соғыс кезіндегі қазақ шаруаларының еңбегін көрсету сияқты іргелі зерттеулерге қатынасып, 15 кітап және жинақтар шығарды
Профессор Балақаев ел қорғаудағы жауынгерлік ерлігі және ұзақ жылдар бойы ғылым саласындағы қызметі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, 18 медальмен, БХШЖК-нің күміс медалімен, екі рет Қазақ КСР ЖК Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессор атанды.