Aimuhambet Zhanat
Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы
Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы – ақын, филология ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әбдіраштың Жарасқаны атындағы сыйлықтың, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты.
1966 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Қарасу ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.
1982-87 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алған.
1987-1995 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Құйған ауылындағы орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарды.
1995-2000 жылдары С.А.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасында аға оқытушы болды.
1999 жылы ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасовтың жетекшілігімен «Оралхан Бөкей прозасындағы мифологизм мәселесі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
2010 жылы ҚР ҰҒА академигі Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен «Мифтің поэтикадағы қызметі (қазіргі қазақ поэзиясы арқауында)» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
2000 жылдан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында қызмет істейді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің бастамасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 100 томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясының «Еуропа классикалық поэзиясы», «ХХ ғасырдағы Еуропа поэзиясы», «ХХ ғасырдағы орыс поэзиясы», «М.Ю.Лермонтов. Шығармалар жинағы», т.б. бірнеше кітаптарының арнаулы редакторы, құрастырушысы болып, алғысөздері мен түсініктемелерін жазған. Орыс ақындары М.Лермонтовтың, Н.Гумилевтің, тәжік ақыны Фарзонаның, ежелгі дәуірдегі жапон ақындарының, түрік ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Жапон поэзиясы өкілдерінің шығармаларын тәржімелеп, қысқаша ғылыми сипаттамаларымен «Сакура гүлдегенде» атты кітап етіп шығарды. Өзінің өлеңдері орыс, қырғыз, түрік тілдеріне аударылып жарияланған. «Независимый Казахстан: Антология современной литературы. Поэзия» атты Мәскеуден жарық көрген үштомдыққа өлеңдері енген.
«Алаш қайраткерлері шығармашылық мұрасының қазіргі мәдени-рухани және ғылыми дамумен сабақтастығы» (2005-2007 жж.), «Тәуелсіздік мұраттарын қалыптастырудағы қазіргі қазақ драматургиясының эстетикалық-әлеуметтік функциясы» (2009-2011 жж.), «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің қазақ мәдениеті тарихындағы орны және ұлттұтастырушылық қызметі» (2012-2014 жж.), «Жаңа, инновациялық пайымдаудағы М.Әуезовтің ғылыми еңбектері және олардың қазіргі әдебиеттану үшін маңызы» (2013-2015), «Түркілердің тарихи-мәдени құндылықтары – қазіргі кезеңдегі қоғамның тұрақты даму ресурсы» атты ҚР БжҒМ Бағдарламасы бойынша «Түркі әдебиетіндегі ақындық дәстүрдің типологиясы» (2001-2014) атты ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатысты.
Жанат Әскербекқызының «Миф дүниесі және көркемдік әлем» (2003), «Даңғыл» (ғылыми-көпшілік басылым, 2007), «Көркемдік өріс» (ғылыми зерттеу, 2009). «Мифтің поэтикадағы қызметі» (монография, 2010), «Әдебиет әлемінде» (ғылыми зерттеулер, 2012), «Поэзия и миф» (монография, 2014), «Сөз өнеріндегі мәтін мен шығарма кеңістігі» (Астана, 2018) атты ғылыми еңбектері, «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «Миф және қазіргі әдебиет», «Қазіргі қазақ әдебиеті» (авторлар ұжымымен бірге) атты жоғары оқу орнының магистранттары мен студенттеріне арналған оқулықтары, авторлар ұжымымен бірге жалпы білім беретін орта мектептің 7,8,10-11 сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтары, оқу құралдары және әдістемелік нұсқаулықтары бар. 20-ға тарта кітаптың, 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Сондай-ақ «Өлең өлкесі» атты қазақ табиғат лирикасының антологиясын (Алматы: Жазушы, 2009. – 528 б.), «Қазақтың 100 поэмасы» сериясының 6 томдығын (Алматы: Жазушы, 2014), «Сара саңлақ» (2013) жинағын құрастырып, редакторлық жасады.
Ж. Аймұхамбет қазақ әдебиеттануында алғашқылардың бірі болып миф, мифопоэтика жайлы маңызды зерттеулер жүргізіп, салмақты тұжырымдарға қол жеткізді. Ол қазақ поэзиясы және әдебиеттануына, мәдени дамуға үздіксіз үлес қосып келеді.
2014 жылғы аккредитация және рейтинг Тәуелсіз Агенттігінің рейтинг қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ЖОО оқытушыларының «TOP-30» тізіміне кірді.
Көркем шығармалары: «Қаракөз-бұлақ» (2001); «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001); «Көктүріктер әуені» (2002); «Қаз қанатыңдағы ғұмыр» (2007); «Андре Моруа. «Әдеби портреттер» (2010); ХХ ғасырдағы орыс поэзиясы: Н.Гумилев өлеңдерінің аудармасы (2008); «Сакура гүлдегенде». Жапон поэзиясынан аудармалар жинағы (2010); «Ай-тамғы» (2014); «Қыш тақтадағы сына жазу» (2019).
Республика тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай өткізілген мүшәйраның жүлдегері (2001), «Шығыс шынары» халықаралық жыр мүшәйрасының (2010, 2011) т.б бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері.
2023 жылы қазан айында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.