Bauyrzhan Zhakyp
Жақып Бауыржан
Бауыржан Жақып - ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының және Қазақстан Жоғары мектеп ұлттық ғылыми академиясының корреспендия мүшесі.
Бауыржан Өміржанұлы 1963 жылы 1 мамырда Абай облысы, Абай ауданының Аққора ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Еңбек жолын Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында бастады. Кейін «Жалын» баспасында редактор қызметін атқарды.
Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметтен (1986) бастап, доцент (1994), журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі (1995), деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі (1999), журналистика факультетінің деканы (2001) қызметтерін атқарды.
1994 жылы «Мұхтар Әуезов – публицист» тақырыбында кандидаттық, 2004 жылы «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
2009 жылдан бастап «Қазақ энциклопедиясы» бас директоры – бас редакторы қызметін атқарып келеді. Өлеңдері республикалық баспасөз бетінде 1980 жылдан бері жарияланып келеді. Ақынның шығармалары «Аудитория» (1984), «Қарлығаш» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Аралым – арым, Балқашым – бағым» (1988) жинақтарында жарық көрді. «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды.
«Көзімнің нұры» (1990) атты тұңғыш жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты болды. «Ақ лақ» балаларға арналған кітабы (1977), «Айдындағы аспан» (1996), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қызыл қайың» (2008) жыр кітаптары оқырманға жол тартты. Өлеңдері «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) атты таңдаулы жырлар жинағына енген.
Ғылыми еңбектері қатарында «М.Әуезов – публицист» (1997), «Ұлы суреткер ұлағаты» (1997), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007) атты монографиялар бар. 2023 жылы Абай облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында «Қарауылтөбе» жинағы «Фолиант баспасынын басылып шықты.
«М.Әуезов – публицист» еңбегі үшін 1998 жылы Қазақстан Журналистер одағының С.Сәдуақасов атындағы сыйлығының лауреаты атанды. 1999 жылы жастарға арналған «Дарын» Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Қазақстан журналистика академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен публицистер қауымдастығының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2007). «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», медалімен, «Құрмет» орденімен, 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры». 2014 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен, т.б. көптеген сыйлықтармен марапатталған.
2009 жылы «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры қызметіне тағайындалды. 2015 жылдың наурызынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінде ректордың кеңесшісі – «Өнегелі өмір» сериялық басылымы бас редакторының орынбасары қызметін атқарады. 2018 жылдың 12 наурызында өткен Қазақстан Жазушыларының ХV құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары болып сайланды.