Mukhametkalykyzy Almakhan
Мұхаметқалиқызы Алмахан
Мұхаметқалиқызы Алмахан - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алмахан 1962 жылы бұрынғы Мақаншы ауданы, Жарбұлақ селосында көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келді. Жасынан ән-жырға құштар, зерек бала болып өсті. Әдебиетке деген ынта мектеп қабырғасынан басталды, сол кезде өтетін ойын-сауықтар ақын Алмахансыз болмайтын. Сөз өнері нағашы атасы Саяхметтен дарыған. Мектеп жасында жазған өлеңдері 1976–1979 жылдары республикалық басылымдарда — «Балдырған», «Қазақстан пионерінде» жарияланды. Ақынның халыққа танылуы 1979 жылдан басталды.
Сол жылы аудандық айтыста бірінші орын алып, Жарбұлақ совхозының ең жас ақыны атанды. Кейін Семейге келіп әдебиет сүйер қауыммен танысып, жазба ақын екенін танытты. Оның жырлары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жиі жариялана бастады.
1991 жылы Семей педагогикалық институтының тіл-әдебиет бөлімін ойдағыдай аяқтап, Абай қорық мұражайында ғылыми қызметкер болып, Абай мұраларын зерттеді. 1999 жылы Семей таңы газетінде полигон тақырыбында жазған 140 шумақтан тұратын «Құрсақсыз ана» поэмасы жарық көрді. Сол жылы Өскеменде өткен жазба ақындар мүшайрасында 1-жүлделі орынды жеңіп алды.
1999 жылы тұңғыш жыр жинағы «Жансая» жарық көрсе, 2002 жылы «Жыр-ғұмыр» атты екінші жинағы шықты. 2003 жылы «Тылсым сыры», 2009 жылы «Мұң - менің мәңгі ұстазым», .2010 жылы «Бір бөтен ой айтқым келеді» атты жыр жинағы Астана «Фолиант» баспасынан шықты. Сондай-ақ, ол «Абай әлемі» атты телехабардың ұйымдастырушысы болды. 2002 жылы 3 қазанда марқұм М. Ибраевтың 60 жылдығына орай облыстық мүшайрада 1-орынды жеңіп алды.
2012 ж. Абайтану саласында қосқан үлесі үшін қала әкімі И. Тасмағамбетовтің Алғыс хатпен марапаттады.ҚР Президентінің 2016 ж 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен, «Абай» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет саласының үздігі медельімен марапатталды.
2020 ж. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт миистрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі марапатына ие болды. 2021 ж. Абай атындағы халықаралық мәдениет орталығының ұйғаруымен Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай» төсбелгісімен марапатталды.