Ospanov Muratbek
Оспанов Мұратбек
(1962-2024)
Ақын Мұратбек Қабиденұлы Оспанов 1962 жылы 26 наурызда Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл селосында дүниеге келген. 1979 жылы орта мектепті бітірген соң аудандық «Совхоз туы» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Алғашқы өлеңдері 6-сыныпта оқып жүргенде «Шыңғыстау» газетінде жарияланған. Студент кезінде жазған шығармалары 1987 жылы шыққан «Аудитория» жинағына енді.
1980 жылы Алматыдағы ҚазМУ журналистика факультетіне оқуға түсіп, арада екі жыл әскери қызмет атқарған соң оқуын 1987 жылы тәмамдады. 1980–90 жылдары «Жас алаш» газетінде Семей, Өскемен, Павлодар облыстарының меншікті тілшісі болып қызмет атқарып, өзекті мәселелерді қаламмен қозғаған белсенді журналист ретінде танылды. Сонымен қатар, 1980–89 жылдары «Семей таңы» газетінде қызмет етті.
Мұратбек Оспанов өзі тұстас поэзия жүйріктерімен жарысып, шынайы ақын ретінде қалыптасты. Оның өлеңдері халық ойына дөп тиетін ой-пікірді жеткізеді. «Сандықтас» жинағына ат қойған кезде ақын былай дейді:
«Қалдырса деп бір мұра ұрпағыма,
Қамшы бастым талаптың тұлпарына.
Бар сырымды ішіне бүктедім де, «Сандықтас» деп ат қойдым жинағыма».
«Дүние дидар» (2004), «Сүмбіле» (2005), «Тәңір сыйы» (2005), «Таңдайдағы тамшылар» (2008), «Құт» (2012), «Айна» (2012) атты еңбектері жарық көрді. Ақынның «Айна» атты кітабы 50 жасқа толуына орай жарық көрді. Нәзік сезімге толы лирикалық өлеңдері, өмірден алынған бал тілді балладалары мен элегиялары оның поэзияға адалдығын көрсетеді. 1985–87 жылдары республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. 1992 жылдан бастап Республикалық «Абай» журналының Бас редакторы қызметін атқарды.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мұратбек Оспанов өткір тіл, алғыр ойымен қаламгерлік даралығын көрсетті.
Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. 2015 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. 2016 жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен және Семейдегі Абайдың Мемлекеттік қорық-мұражайының арнайы әзірлеген «Абай» медалін иеленді. 2020 жылы «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
2024 жылы 16 мамырда дүниеден өтті. Сол жылы ақынның Абай облысының әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында «Сөз патшасы» өлеңдер жинағы жарық көрді.
Мұратбек Қабиденұлы Оспанов – тәуелсіздік дәуірі қазақ поэзиясының өз үні, өз бояуы бар өкілдерінің бірі. Оның шығармаларында адам жанының терең қатпарлары, уақыт пен тағдыр, туған жер мен ұлттық рух мәселелері кеңінен көрініс табады. Ақын поэзиясы философиялық ойға құрылғанымен, қарапайым оқырманға жақын, шынайы сезімге толы болуымен ерекшеленеді.
Журналистік тәжірибесі оның өлеңдеріне азаматтық үн, әлеуметтік сергектік дарытты. Мұратбек Оспанов сөзге жауапкершілікпен қарап, поэзияны ар мен рухтың мінбері деп таныды. Ол Абай дәстүрін заманауи поэтикалық ойлау жүйесімен сабақтастыра отырып, ұлттық әдебиеттің көркемдік көкжиегін кеңейткен қаламгер болды.
Ақынның әдеби мұрасы – кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани аманаты. Оның жырлары оқырманды ойға жетелеп, адамдық болмысты тануға шақырады. Мұратбек Оспановтың есімі қазақ поэзиясының тарихында адал сөздің, биік талғамның, рух тазалығының символы ретінде сақталады.