Abdikakimov Tynyshbek
Әбдікәкімов Тыныштықбек
Тыныштықбек Әбдікәкімов - ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік силығының иегері, Президент стипендиясының иегері.
Тыныштықбек Әбдікәкімов 1953 жылы 20 шілдеде бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Қарауыл селосында туған. 1970 жылы орта мектебі бітірген соң әр түрлі жұмыстарды атқарды. 1989 жылы Семейде ғылыми-әдістемелік орталықта бас редактор болып қызмет етті. 1990-1993 жылдары Абай корық мұражайында ғылыми қызметкер болып қызмет етті. Онан соң Семей педагогикалық институтын 1993 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
1993-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарды. Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Президент стипендиясының иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Ақшам хаттар» (1990 ж.), «Ырауан» (2000 ж.) жыр жинақтарының авторы. 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Қас.Сақ. Анқымас» атты философиялық еңбегі шықты. Онда автордың әлем халықтарына ортақ қазақтың ғарышты дүниетанымы туралы сөз болады. Осы негізде өзінше пайымдап, сараптай білуімен оқырманын ойландыра түседі. Қазақ халқы өзін-өзі қалай тану керектігі, қазақ сөзінің құдіреттілігі, алуан қасиеттілігін ақын талмай ізденіп, оны әр қырынан дәлелді түрде баяндайды. Жазушы Әбіш Кекілбаев ақын туралы былай деп жылы лебізін білдіреді: «Бұл менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Ешкімді қайталамайтын, қазақ өлеңдерінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізіп, айдын солға салған аршынды, сонысымен де айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын…».
2007 жылы республикалық «Абай әлемі» байқауының «Поэзия номинациясы» бойынша лауреаты. 2010 жылы өткен Халықаралық «Шығыс шынары» атты мүшайрада 1-орынды иеленген. Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшайрасының Грант При иегері. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі 2006, 2008 жылдардағы екі мүшәйрада үздік атанған. 2003 жылдан бастап Республика Президентінің степендианты. Оның шығармалары бойынша елімізде кандидаттық, докторлық, бірқанша еңбектер қорғалған. Ақынның шығармашылығы 5-11 сынып оқушыларына және жоғарғы оқу орынан түсушілерге арналған «Қазақ әдебиеті. Оқушы анықтамасы» оқу құралының (С.Т.Елікбаев ф.ғ.к.доцент, «Арман - ПВ» баспасы, 2005 ж.) «Тәуелсіз қазақ әдебиеті» бөліміне енгізілген. Өлеңдері испан, қытай, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы желтоқсанның 5-дегі Жарлығы бойынша, Қазақстан Рсепубликасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мемлекеттік Абай қорық мұражайының «Абай» медалімен марапатталған.
2023 жылы «Құрмет» орденімен мапатталды.
2025 жылы Абай облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында ақынның «Ақшам хаттары» атты жыр жинағы жарық көрді.