Zhangaliev Tolegen
Жанғалиев Төлеген
Төлеген Жанғалиев — ақын, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1950 жылы 27 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1973 жылы Семей педагогикалық институтын тәмамдады. 1984 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіріп, қоғамдық-саяси қызметке белсене араласты. 1984—1999 жылдары Абай аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, аудандық кеңес атқару комитеті төреғасының орынбасары, аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.
Жыр топтамасы алғаш рет республика жас ақындарының «Қарлығаш» (1978), сонан соң «Сыр сапар» (1980), «Тоғыз перне» (1981) атты ұжымдық жинақтарында жарияланды. Баспалардан әр жылдары он кітабы жарық көрді.
Жүрегім сөйлеп тұрғанда. Өлеңдер. А., «Жалын», 1982.
Шыңғыстау шындығы. Өлеңдер. А., «Жалын», 1993.
Оңалған ойдың сәулесі. Өлеңдер. А., «Дәуір», 1996.
Біз жұмаққа бармаймыз. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. А., «Атамұра», 1998.
Атом мен ақын. Өлеңдер. А., «Қанағат», 1999;
Баба жайлы балладалар. Балладалар. Новосібір, «Современник», 2001.
Тілсіздің тілі. Өлеңдер. Өскемен қаласы, 2003
Матаев. Эссе. Алматы қаласы, «Халықаралық Абай клубы», 2008.
Біздің әкей. Эссе. Новосібір қаласы, «Эврика», 2012.
Ертістің арғы жағы,бергі жағы. Өлеңдер. Алматы қаласы, 2021.
Маңдайымның жазуы. Таңдамалы өлеңдер жинағы. Нұр-Сұлтан қаласы, «Фалиант», 2021.
1993 жылдары шыққан «Шыңғыстау шындығы» кітабының өзі поэзиямызға өзінше бір тірек бола алатын таланттың келгенін хабардар еткен еді. Жинақ үш бөлімнен: өлеңдер, балладалар, дастандар. Ақынның айта білу шеберлігін әсіресе баллаладалары айғақтайды. «Ақ арба», «Апамның әңгімесі», «Намыс», «Ақ бантик», «Көрші кемпір», «Иіс су» балладалары үлкен қазығы іспетті. «Шыңғыстау шындығы» жинақтың алтын қазығы іспетті. Бұл шығарма Шәкәрім қажыға арналған. Осыған дейін қажы жазылған поэма, дастан, драмалармен салыстырғанда, өзіндік қолтаңбасы салған жерден мен мұндалалайды. «Атамұра» баспасынан 1998 жылы шыққан «Біз жұмаққа бармаймыз» атты кітабында қамтымаған тақырыбы, қозғамаған мәселесі кемде-кем. Оны жер мен ел мәселесі толғандырады. Әлемде жасалып жатқан іс те, қиянат пен қасірет те – бәрі де осы жинақтан орын алады. 1999 жылы «Атом мен ақын» атты жинағы полигон тақырыбына арналған.
Ұлылар бастаған көшті жалғастырып келе жатқан Төлеген Жанғалиев қазақ поэзиясында өзіндік үні бар, үнемі ізденіс үстіндегі өсумен келе жатқан ақын. Ақын өзінің шығармаларында бүгінгі өмірдің шындығын дөп басып айтады.
2024 жылы Абай облысының әкімінің қолдауымен жүзеге асырылған «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында ақынның «Қарқуар» атты кітабы жарыққа шықты.
Қаламгер Жас ақындардың республикалық «Жігер» фестивалінің (1978) Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың (1996) лауреаты, Шығыс Қазақстан облыстық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Абайға (1995) Астанаға (2016) арналған жыр мүшайраларының 1 орын иегері. Республикамыздың құрылғанына 10-20 жыл толуына арналған мерекелік медальдардың иегері. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері. Құрмет ордені иегері (2020).
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қорының лауреаты.